Алтай өңірі қаңырап жатыр – көшіп кетушілер, өлім-жітім көп

Облыс әкімдігі отырысында ШҚО халқы санының азаю қарқыны туралы алаңдатарлық деректер айтылған.
ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Мусинова ұсынған статистикаға сәйкес, соңғы он жылда өңір халқы 38 мың адамға азайған.
Yk-news.kz ақпараты бойынша, тек 2025 жылдың өзінде облыс 4606 адамға кеміген. Өлім-жітім туу көрсеткішінен 533 адамға артық. Көшіп кеткендер саны келгендерден 4073 адамға көп.
Алайда аудандар бойынша өсім мен кему қарқыны біркелкі емес. 2025 жылдың 1 желтоқсанына қарай Өскемен қаласында 380 828 адам тұрған. Облыс орталығында халық саны кемімеген: өткен жылы мұнда туғандар саны қайтыс болғандардан 490 адамға көп болса, көшіп келгендер кеткендерден 2177 адамға артық.
Ал қалған аудандар халық санынан айырылып жатыр. Ең үлкен кему Алтай ауданында байқалған. Бір жылда 1140 адамға азайған. Оның шамамен үштен екісі көшіп кеткендер. Бұл аудан жыл ішінде қайтыс болғандар саны бойынша да алда – 427 адам.
Риддерде 374 адам қайтыс болып, 394 адам көшіп кеткен. Табиғи кему бойынша үшінші орында Глубокое ауданы (жыл ішінде 300 адам қайтыс болған) тұр. Ал Шемонаиха ауданы табиғи кемуі 272 адам болып отыр.
Халық саны ең алдымен өнеркәсіптік аудандарда азайып жатыр.
«Қазақстан бойынша зейнеткерлердің ең жоғары үлесі бізде — 27 пайыз. Республика бойынша бұл көрсеткіш – 12 пайыз», – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кететін жайт, 2026 жылдың 2 наурызындағы мәліметке сәйкес, Қазақстан халқының саны 20 518 005 адамға жетті.