
4 сәуір күні таңертең Ирандағы Бушер атом электр станциясы аумағындағы қоршауға снаряд тиіп, жарылыс болған.
Бұл туралы елдің Атом энергиясы жөніндегі ұйымы Х әлеуметтік желісінде хабарлады.
«Жарылыс салдарынан қосалқы ғимараттардың бірі зақымданды және, өкінішке қарай, күзет қызметкерінің бірі қаза тапты. Стансаның негізгі бөліктері зардап шеккен жоқ», – делінген хабарламада.
Бұл – АҚШ пен Израильдің Ирандағы әскери операциясы басталғалы бері «Бушер» АЭС-іне жасалған төртінші шабуыл.
Бушер атом электр станциясы – Ирандағы Бушер қаласының маңында орналасқан атом электр станциясы. Бұл – Таяу Шығыстағы алғашқы АЭС. Оның құрылысы 1975 жылы басталып, ұзақ уақыт тоқтап тұрғаннан кейін 1995 жылы Росатом компаниясының қатысуымен қайта жанданды.
Иран былтыр күзде Каспий теңізі жағалауында Атом электр станциясын құрылысын бастаған еді.