Лауазымына қарамастан жауапкершілікке тартылады – Ішкі істер министрі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ержан Сәденов. Фото: gov.kz
Ержан Сәденов. Фото: gov.kz

Алматы қаласындағы үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасының мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеп-тексеріледі.

Сондай-ақ кінәлілердің жазадан жалтармауын қамтамасыз ететін шаралар қабылданып жатыр.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов әлеуметтік желі арқылы барлық кінәлілер жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.

Жүргізуші мас болған

Бұл оқиға қатысты Президент 2026 жылғы 30 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында арнайы тапсырмасы берген.

«Аталған жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісін сот шешімімен қамауға алу шарасы қабылданды. Анықталғандай, ол апат кезінде масаң күйде болған», – деп жазды министр.

Министрдің дерегінше, бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізуде. Қоғамда таралған барлық мәліметтер тексерілуде.

Полиция басшылары қызметінен босатылды

«Жағдайға объективті баға беру үшін Алматы қаласына ІІМ комиссиясы –Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент жіберілді», – деді Сәденов.

Оның сөзіне қарағанда, кызметте жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.

Қазіргі уақытта қызметтік тәртіпті күшейту және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылданып жатыр.

Алғашқы күндері-ақ 4,8 мыңнан астам жол ережесі бұзылғаны анықталды

«Қалаға басқа өңірлерден полиция жасақтары жіберілді. Кең ауқымды тексеру және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегінің жолы кесілді. Оның ішінде мас күйінде көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмір қолдану және жүргізу құқығынсыз көлік басқару фактілері бар. 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды», – деді министр.

Осындай күшейтілген іс-шаралар бүкіл ел бойынша жүргізіліп жатыр.

Жауапкершіліктен жалтара алмайды

«Тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлілер заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады Ешкім де мәртебесіне, лауазымына және байланыстарына қарамастан, жауапкершіліктен жалтара алмайды. Барлығы заң алдында тең», – деді Сәденов.

Айта кететін жайт, Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін іске полицияның қатысы айтыла бастаған еді. 

Сондай-ақ оқыңыз