
Атырау облысының Мақат ауданында қызметтік міндетін атқарып жүрген тәртіп сақшыларына шабуыл жасалды. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты Атырау облыстық Полиция департаменті ресми түрде растады.
Оқиға қалай болды?
Алдын ала мәліметтер бойынша, бір топ жас жігіт қоғамдық тәртіпті бұзған. Оқиға орнына келген полицейлер оларға ескерту жасаған кезде, құқық бұзушылар бағынбай, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тап берген.
«Оқиға салдарынан екі қызметкер зардап шекті. Қазіргі таңда инцидентке қатысушылардың барлығы анықталды, оларға қатысты тиісті процессуалдық шаралар қабылданды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Заң алдындағы жауапкершілік
Полиция бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, аталған бап бойынша кінәлі деп танылған тұлғалар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ұқсас жағдайлар жиілеп кетті
Еске сала кетейік, бұған дейін Қостанай қаласында жұмыс күні таңертең балаларын мектепке апармақ болған полицейді көшеде соққыға жыққан еді.