
Елде 11 электр станциясы жаңартылады. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, жұмыс көмір генерациясын дамытуға арналған жаңа ұлттық жоба аясында іске асады.
Осылайша қолданыстағы энергия көздері техникалық жаңартудан өтеді. Олар:
- Ақсу ГРЭС-інің №7 энергоблогын жаңғырту (325 МВт);
- Екібастұз ГРЭС-2-де №3 және №4 энергоблоктарды салу (1 100 МВт);
- Қарағанды ЖЭО-сын кеңейту (140 МВт);
- Өскемен ЖЭО-сын кеңейту (100 МВт);
- Топар ГРЭС-ін жаңғырту (250 МВт);
- Шахтинск ЖЭО-сын кеңейту (130 МВт);
- Балқаш ЖЭО және Жезқазған ЖЭО-да турбоагрегат енгізу (50 МВт);
- Согра ЖЭО-сын кеңейту (50 МВт);
- «Qarmet» АҚ-ның ЖЭО-2-сін кеңейту (230 МВт);
- Степногорск ЖЭО-сын жаңғырту (30 МВт).
«Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 2,5 ГВт көлемінде қосымша генерация қуаты енгізіліп, электр станцияларының тиімділігі артады және олардың қауіпсіз пайдалану мерзімі ұзартылады», – деп хабарлады министрлік.
Айта кетейік, 2026-2030 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында жалпы қуаты 7,8 ГВт болатын нысандарды іске қосу жоспарланған. Бұл көрсеткішке 8 жаңа станция салу және жұмыс істеп тұрған 11 нысанды жаңарту есебінен қол жеткізілмек.