6 жылға сотталған Жақсылық Омар рақымшылыққа іліге ме

Өскемен қаласының прокуратурасы Жақсылық Омарға шыққан үкімге қатысты ақпарат таратты.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омар 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Прокуратураның хабарлауынша, сотталған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыға алмайды және рақымшылыққа ілінбейді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандарға жазаны жеңілдету нормалары қолданылмайды. Сол себепті шенеунік 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын толық өтеуге тиіс.
Бұған дейін елде алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасалатыны айтылды. Сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жарияланады.
Айта кетейік, 2025 жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 2 мыңнан астам адам босатылды, ішінде әйелдер мен кәмелетке толмағандар да бар. 11 мыңнан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқарды.