Жаңалықтар

Алматыда шашын жей беретін қыздың асқазанына ота жасалды

фото: almatytoday
фото: almatytoday

Алматыда №2 Балалар клиникалық ауруханасының хирургтары 12 жастағы қызға күрделі операция жасап, өмірін сақтап қалды.

Науқас аурухананың хирургия бөліміне шұғыл түрде жеткізілген. Дәрігерлер оған сирек кездесетін диагноз қойған. Ол «трихобезоар» деп аталады. Яғни асқазанда көп шаш жиылып қалған.

Аурухана директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, кешенді тексеру, соның ішінде эндоскопия барысында дәрігерлер баланың өміріне қауіп төндірген ірі түзілімді анықтаған. Бұл жағдай шұғыл хирургиялық араласуды талап еткен.

Бұл қыз балаға бұған дейін дәл осы диагнозбен екі рет ота жасалған. 2021 жылы Шымкентте және 2024 жылы Семейде. Қайталанған операциялар салдарынан құрсақ қуысында айқын жабысқақ процесс пайда болып, операциядан кейінгі тыртықтар мен асқазан қабырғасында елеулі өзгерістер қалыптасқан.

Хирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Қаптағаевтың сөзінше, мұндай жағдай операцияны айтарлықтай қиындатқан.

Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты деп бағалануда. Қыз бала дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, қажетті ем қабылдап жатыр.

Бұл аурудың себебі – трихофагия. Яғни шашты жұлып, жеп қоюды әдетке айналдыру. Емдеу кезеңінде науқаспен психолог жұмыс істеген. Дәрігерлер шығарылғаннан кейін рецидивтің алдын алу үшін психиатр бақылауында болуды ұсынады.

Мұның алдында Ақтөбелік тұрғын дәрігерлер ұмытқан дәкені мойнынан суырып алғаны хабарланды.