Жаңалықтар

Ақмола облысында Шөптікөл бөгеті жарылып, ауыл мен автожолды су басу қаупі туды

Ақмола облысы Қорғалжың ауданында Шөптікөл бөгеті жарылды
«Шөптікөл» бөгеті жырылған тұс / коллаж: Kursiv.Media

5 сәуірде түстен кейін Ақмола облысы Қорғалжын ауданында «Шөптікөл» бөгеті бұзылды. Гидротехникалық нысан Сабынды ауылынан солтүстікке қарай бар болғаны 2 шақырым жерде орналасқан.

Жүздеген адам жүр

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, оқиға орнында тасыған суды қауіпсіз жерге өткізу жіберу жұмыстары жүріп жатыр. Министрлік, жергілікті атқарушы органдар, аудандық полиция бөлімі және жол қызметтерінің күштері мен құралдары осында жұмылдырылды.

«Жалпы саны шамамен 170 адам және 43 бірлік техника тартылған. Бөгетті нығайту, инертті материалдар төгу және суды бұру жұмыстары жүргізізіліп жатыр», – деп таратты ТЖМ.

Ақмола облысында бөгет бұзылып, автожол жабылды
Бөгет бұзылған жерде қызу жұмыс жүріп жатыр / фото: «Қазавтожол»

Жол жырылған жоқ

«Қазавтожол» мекемесінің мәліметінше, «Шөптікөл» бөгетінің жырылған тұсынан аққан су алқаптар арқылы елді мекен бағытына қарай жайылып, «Астана – Қорғалжын» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 75-шақырым тұсын кесіп өтіп жатыр. Дегенмен қарқыны күшті су жолдың жүру бөлігіне өте қойған жоқ.

Сол жерде жұмыс істеп жүрген мамандардың айтуынша, жолдың осы учаскесінде үш көзді су өткізу құбыры бар.

«Жол жамылғысы бүлінбеген, көлік қозғалысы тоқтаған жоқ», – деп таратты «Қазавтожол»

Су қарқыны күшті

«Шөптікөл» бөгетінің бұзылғаны туралы мәлімет жексенбі күні түстен кейін әуелі әлеуметтік желілерде таралды. Жергілікті тұрғындар жариялаған видеодан бөгеттен аққан судың қарқыны күшті екенін байқауға болады.

Сабынды ауылы Астана қаласының оңтүстік-батыс жағында шамамен 60 шақырым жерде, «Астана-Қорғажалжың» автожолы бойында орналасқан. Осы маңнан Нұра өзені ағып жатыр.