Жаңалықтар

Ақтөбеде жоғалған баланың іздестіріліп жатқанына бір апта болды

Ақтөбеде жоғалған баланың іздестіріліп жатқанына бір апта болды / Фото: ТЖМ видеосынан кадр

Ақтөбе облысында 2016 жылы туған баланы іздестіру жұмыстары жалғасуда. Операция Мәртөк ауданында, Сарыжар ауылының маңындағы Елек өзенінің бойында жүргізіліп жатыр.

Алғашқы сағаттардан бастап іздестіру жұмыстарына ТЖМ авиациясы қосылды, бұл ауқымды аумақтарды жедел тексеруге мүмкіндік берді.

«Операцияға құтқарушылар, сүңгуірлер, полиция қызметкерлері, ТЖМ бөлімшелерінің әскери қызметшілері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар қатысуда», – деп хабарлады ведомство.

Құтқарушылардың мәліметінше, күн сайын сүңгуірлер 30–35 шақырымға дейінгі акваторияны зерттейді, жүзу құралдарымен 25–30 шақырым су беті тексеріледі, жаяу топтар 15–20 шақырымға дейінгі жағалау сызығын қарап шығады. Қосымша 10–15 шақырым аумақ дрондардың көмегімен зерделенеді. Сондай-ақ, эхолоттар қолданылуда.

Іздестіру жұмыстары табиғи жағдайларға байланысты қиындап отыр.

«Өзен арнасы ирелең, ағысы қатты, өсімдіктер тығыз орналасқан және суы лайлы болғандықтан көріну деңгейі төмен», – деп нақтылады құтқарушылар.

Іздестіру жұмыстары тәулік бойы жалғасуда.

Айта кетейік, 29 наурыз күні кешке полицияның кезекші бөліміне 2016 жылы туған баланың жоғалғаны туралы хабарлама түскен.