
Сәуір айының басында өтпей қалған «Чемпиондар шоуы» жаңа мерзімде көрерменге жол тартады. Бұл туралы Байтақ Тұрсынбаев өзінің Facebook парақшасында ресми мәлімдеді.
Ұйымдастыру мәселелері шешілді
Бұған дейін белгісіз себептермен кейінге шегерілген шоудың тағдыры көпті алаңдатқан еді. Енді барлық техникалық және ұйымдастыру мәселелері толық шешіліп, шоу өтетін уақыт нақты күні 1 маусымға белгіленді.
«Барлық мәселе шешілгенін ұйымдастырушылар ресми түрде хабарлады. Бірінші маусымда баршаңызды күтеміз!», – деп жазды Байтақ Тұрсынбаев.
Элизабет Тұрсынбаева мұз айдынына оралады
Көрермендер үшін ең басты жаңалық бұл кеште қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева өнер көрсетеді. Ол денсаулығына байланысты бес жыл бұрын мансабын аяқтаған.
Кеш барысында әлемге әйгілі фигуристер өздерінің ең үздік бағдарламаларын ұсынып, жанкүйерлерге ұмытылмас әсер сыйламақ.
Этери Тутберидзе – мәнерлеп сырғанаудан әлемге әйгілі ресейлік жаттықтырушы. Оның шәкірттері бірнеше рет Олимпиада чемпионы атанып, рекорд жаңартты. Элизабет Тұрсынбаева Тутербидземен бірге жаттығып, 2019 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған.
Әйгілі жаттықтырушының шәкірттері бас қосатын шоу мамырда өтуі керек болған. Бірақ бірінші сәуірде кейбір телеграм-арналар шоу өтетін орынмен келісім-шарттағы кей мәселеге байланысты шоу өтпейтін болды деп хабарлады.