
Ұлан-Батыр қаласында Қазақстан мен Моңғолия Ұлттық Олимпиадалық комитеттері (ҰОК) басшыларының ресми жұмыс кездесуі өтті. Екі ел арасындағы спорттық ынтымақтастықты нығайтуды көздеген бұл жиында әлемге танымал боксшы, Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин ерекше құрметке ие болды.
Серіктестіктің жаңа белесі
Қазақстан делегациясын ҰОК президенті Геннадий Головкин мен ұйымның бас хатшысы Әлімжан Ақаев бастап барды. Моңғолия тарапынан кездесуге ҰОК бірінші вице-президенті Чойжгаваагийн Наранбаатар және бас хатшы Бадар-Ууган Энхбат қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар төмендегідей мәселелерді талқылады:
- Екі елдің спорт ұйымдары арасындағы серіктестікті кеңейту;
- Ынтымақтастық туралы арнайы меморандум әзірлеп, қол қою;
- Спорт саласындағы бірлескен бастамалар мен тәжірибе алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру.
«Біз әрдайым өзара cеріктестікке ашықпыз. Көршілес елдер арасындағы жақсы қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Ынтымақтастықтың жүйелі дамуы олимпиадалық қозғалысқа тың серпін береді деп сенемін», – деп атап өтті Геннадий Головкин.
«Алтын Очир» және мерейтойлық марапаттар
Спортты дамытуға және халықаралық байланысты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін моңғол тарапы Геннадий Головкинге Моңғолия ҰОК-нің жоғары наградасы «Алтан Очир» (Алтын гауһар) орденін табыстады.
Сондай-ақ Қазақстан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев ұйымның 70 жылдығына орай белгіленген мерейтойлық медальмен марапатталды.
Олимпиадалық мұражайға саяхат
Ресми бөлімнен кейін Қазақстан делегациясы үшін Моңғолия ҰОК Олимпиадалық мұражайына экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар моңғол спортының тарихымен, даму кезеңдерімен және жергілікті спортшылардың әлемдік аренадағы жетістіктерімен танысты.
Айта кетейік, Моңғолияда бокстан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Махмұд Сабырхан жартылай финалда моңғол боксшысына есе жіберіп, қола жүлдегер атанды.