Маңғыстауда жанармай иісінен уланған сарбаздың өліміне жауапты басшы сотталды

Маңғыстау облысындағы «Үстірт» шекара бөлімшесінің 26 жастағы бастығы екі жылға бас бостандығынан айырылды. Былтыр күзде болған қайғылы жағдайға қатысты сот шешімі енді шықты деп жазады Kursiv Media.
Мәселенің мән-жайы
20 жастағы Еркебұлан Сағындық Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Үстірт заставасында әскери міндетін өтеп жүрген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі былтыр қазанда оның қайтыс болғанын хабарлады. Марқұмның отбасына оның жанармай иісінен уланып қайтыс болғанын айтқан. ҰҚК мұны жазатайым жағдай деп бағалады. Бірақ Еркебұланның туыстары оған сенбей, жанармайдан уланып қайтыс болу мүмкін емес деген еді.
Істің мән-жайы туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.
Болған жағдай бойынша тергеу басталып, алты айдан кейін нүктесі қойылды.
Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі (қызметіне салғырт қарап, соңы ауыр зардаптарға әкелу) бойынша қозғалды. Істі Ақтөбе гарнизонының әскери соты қарады. Айыпты – шекара қызметіндегі бөлім басшысы. Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Сот оны екі жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті. Сондай-ақ, ол қаза тапқан сарбаздың анасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге төлеуге міндетті.