Жаңалықтар

«Милфаларға арналған қымыз»: дүкен сөрелеріндегі жазулар жұртты таңғалдырды

Милфаларға арналған қымыз / фото: threads

Threads әлеуметтік желісінде дүкен сөрелерінде тұрған қымыз бөтелкелеріндегі ерекше сурет қызу талқыға түсіп жатыр.

«Green flag» пен «Милфаларға» дейін

Бөтелкелердің сыртында «Green flag досың үшін» (сенімді, жақсы дос мағынасында) және «Милфаларға арналған» деген жазулар бар. Соңғы жазудың астында кішігірім әріптермен «Махаббат жасқа қарамайды» деген түсініктеме де жазылған.

Бұл өнім Shanyraq Balqymyzy брендінің жаңа маркетингтік қадамы. Өндірушілер осылайша дәстүрлі сусынды заманауи трендтермен ұштастырып, жастардың (зумерлердің) назарын аударуды көздеген сияқты.

Желі қолданушылары не дейді?

Бұл жаңалық желі оқырмандарын екіге бөлді.

Кейбір қолданушылар бұл қадамды «мықты маркетинг» деп бағалап жатыр. Олардың пікірінше, бұл қымызды жастар арасында танымал етудің тиімді жолы.

«Зумерлер маркетолог болғанда», «Мен қымыз ішпейтін едім, бірақ мынаны ішіп көрер едім» деген пікірлер де кездеседі.

Екінші тарап ұлттық сусынның атауын мұндай бейәдеп (эротикалық астары бар) сөздермен былғауға болмайтынын алға тартады.

«Басқа-басқа қымызды бұлай қорлауға болмайды», «Ұлттық құндылықты арзан трендке айналдыру – сорақылық» деп ашынғандар да аз емес.

Соңғы жылдары қымыз тек Орталық Азияда ғана емес, Ресейде де танымал болып жатыр. Былтыр федерацияда 1,38 млн литр бие сүті сатылған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 64,75%-ға көп.