
Қазақстандық ірі алтын өндіруші – «Алтыналмас» компаниясының акциялары Астана халықаралық биржасына (AIX) шығарылады. Бұл туралы акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысында белгілі болды. Осылайша, AIX биржасы Қазақстан қор биржасынан (KASE) кейінгі компания акциялары орналастырылатын екінші алаң болмақ.
Сонымен қатар акционерлер жер қойнауын пайдалану құқықтары мен соған қатысты нысандарды иеліктен шығару туралы шешім қабылдады. Бұл құқықтарға иелік ететін ұйымдардағы үлестер мен акцияларды беру процесі де мақұлданды.
Қазіргі уақытта компанияның 9 акционері бар, олардың ішіндегі ең ірісі – нидерландылық Gouden Reserves B.V. (66,39%) және кәсіпкер Владимир Жұманбаев (23,2%). Алайда нарықта компанияның меншік иесі ауысуы мүмкін деген ақпарат тараған. Соған сүйенсек, кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп «Алтыналмас» компаниясының 100% акциясын сатып алуды жоспарлап отыр.
Бұл мәміле кәсіпкердің биыл АХҚО-да тіркеген «Central Asia Resources Holding Ltd» компаниясы арқылы жүзеге асырылуы ықтимал. Бұған дейін БАҚ беттерінде Шахмұрат Мүтәліптің «Қазцинктің» 70% және ERG-дің 40% үлесін сатып алуға ниетті екендігі де айтылған болатын.
«Алтыналмас» – Қазақстандағы алтын өндіру бойынша үздік үштік қатарына кіретін алпауыт кәсіпорын.
Оның кен орындары Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Абай облыстарында орналасқан. Компания 1993 жылы құрылған және бүгінде геологиялық барлаудан бастап, дайын Доре қорытпасын шығаруға дейінгі толық циклді қамтиды.