Мемлекетке қарыз банктер дивиденд төлесе, борышын да қайтаруға тиіс

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Дивиденд төлеген кезде, қарызды қайтаруы керек / Фото: shutterstock

Мемлекеттен қаржылай көмек алған банктер енді акционерлеріне дивиденд төлесе, дәл сол соманың 100%-ын бюджетке қайтаруға міндеттеледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрайымы Мадина Әбілқасымова мәлімдеген. Бұл туралы «Ручная экономика» телеграм-арнасы жазады.

Реттеуші органның мұндай қадамы банктерді мемлекет алдындағы берешегінен тезірек құтылуға ынталандыруды көздейді. Мұнымен қоса қарызы бар банктер үшін мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын өтеу кестелері бекітілді.

Мадина Әбілқасымова банктердің 2017–2020 жылдары алған көмегі шығындарды жауып, қажетті қор (провизия) құруға жұмсалғанын еске салды.

Алайда қазір барлық қаржы институты бұл берешекті бір мезетте қайтаруға қауқарлы емес. Мәселен, 1 трлн теңгеге жуық көмек алған Alatau City Bank үшін қарызды бір жыл ішінде толық өтеу банк тұрақтылығына нұқсан келтіруі мүмкін. Осыған байланысты, әр банктің қаржылық жағдайына қарай мерзімінен бұрын қайтару кестесі әзірленді.

Қай банк қарызынан толық құтылды

Қазіргі кезде Halyk Bank, ЦентрКредит Банкі және RBK Bank мемлекеттік көмекті толық өтеп үлгерді. Реттеуші орган басшысы Владимир Ким RBK Bank-іне қатысты мысал келтірді: былтыр банк берешегін мерзімінен бұрын жапқан, ал оның акционері капитал жеткіліктілігін сақтау үшін банкке дәл сол сомада депозит салған.

Қандай банк мемлекетке қарыз?

Қазір Alatau City Bank, «Еуразиялық банк» және «Нұрбанк» балансында мемлекттік көмек бар. 2026 жылдың қаңтар айында реттеуші орган бастапқыда дивидендтің кемінде 66%-ын қайтаруды ұсынған болатын. Алайда кейінгі өзгерістерден кейін бұл талап 100%-ға дейін көтерілді.

Сондай-ақ оқыңыз