Қостанайда шаруаларды 150 миллион теңгеге алдаған кәсіпкер сотталды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Казахстанка через суд вернула деньги за бракованный Chery Tiggo 7 PRO
Шаруаларды 150 млн теңгеге алдаған / Фото: Shutterstock

Қостанай қаласының №2 соты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған компанияның негізін қалаушы әрі директорына қатысты үкім шығарды. Тергеу барысында анықталғандай, кәсіпкер 2021 жылдың соңы мен 2022 жылдың көктемі аралығында интернет ресурстары арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын сату туралы жалған хабарландырулар таратқан.

Оның басты мақсаты – тауар жеткізу емес, жәбірленушілердің сеніміне кіріп, ақшаларын иемдену болған.

Қылмыстық схема бойынша, Г. өзіне жүгінген шаруа қожалықтарымен және заңды тұлғалармен ресми түрде жазбаша шарттар жасасқан.

Осыдан кейін тауар құнын 100 пайыз алдын ала төлеуді талап етіп, ақша есепшотқа түскен бойда өз міндеттемелерін орындамай, қаражатты жеке мүддесіне жұмсап жіберген.

Мұндай алаяқтық әрекеттердің салдарынан 11 жәбірленушіге жалпы сомасы 149 680 000 теңге көлемінде материалдық залал келтірілді.

Сот процесі кезінде мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тарап сотталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда сотталушы Г. өз кінәсін мойындамай, жауап беруден бас тартты және іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан, өзін толық ақтауды талап етті.

Сот істің барлық мән-жайын, жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, оны ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.

Үкімге сәйкес, ол 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот оған 5 жыл бойы қаржылық және коммерциялық ұйымдарда қызмет атқаруға тыйым салды.

Жәбірленушілердің шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін WhatsApp-пен ыдыс сатып, 50 млн теңгені жымқырған ерлі-зайыпты сотталған.

Сондай-ақ оқыңыз