Жаңалықтар

Ұлттық қордағы қаржы бір айда 2,6 трлн теңгеге азайған

Ұлттық қордағы қаражат неге азайды / Фото: shutterstock

2026 жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша, Ұлттық қорда жинақталған қаражат 37,3 трлн теңгені құрады. Бұл қаржыға қордың 2025 жылы тапқан инвестициялық табысы да кіреді.

Қаржы министрлігінің наурыз айындағы есебінде қор қаржысы 39,9 трлн теңгеге жуықтағаны жазылған. Яғни бір айда қор қаржысы 2,6 трлн теңгеге азайды. Оған доллар бағамының күрт арзандауы себеп болуы мүмкін. Өйткені қор қаржысы валютада сақталады.

Есепті кезеңде қорға барлығы 799,5 млрд теңге қаражат келіп түсті. Түсімнің негізі мұнай секторынан түскен салық: шамамен 784 млрд теңге.

Бұл – қордың басты табыс көзі. Оның ішінде ең көп үлес корпоративтік табыс салығына (313 млрд теңге) және өнімді бөлу үлесіне (239 млрд теңге) тиесілі.

Мұнай секторынан тыс көздерден, соның ішінде жекешелендіру мен бюджеттік кредиттерді қайтарудан шамамен 15,7 млрд теңге түсті.

Үш айдың ішінде қордан барлығы 800,4 млрд теңге пайдаланылды. Ол республикалық бюджетті қолдау мақсатында кепілдендірілген трансферт ретінде аударылды. Ал қорды басқару мен аудит жүргізуге жұмсалған шығындар 387 млн теңгені құрады.