
«Отбасы банк» «Наурыз 2026» тұрғын үй бағдарламасына қатысушылар тізімін жариялады.
Бағдарламаға 26 822 өтінімнің ішінен 16 000 салымшы іріктеліп шыққан.
Үй тауып, сатып алуға алты ай уақыт беріледі
Қатысушылар 6 сәуір мен 12 мамыр аралығында несиеге өтінім беруге тиіс. Қарыз мақұлданғаннан кейін, оларға тұрғын үй табу және сатып алу үшін алты ай уақыт беріледі.
Банк мәліметінше, бағдарламаға қатысушылардың орташа жасы – 32 жас. Олардың 9296-сының баласы бар, ал 7569-ы некеде.
Іріктеуден өткендердің жартысынан көбі, нақтырақ айтқанда, 8690 адам тұрғын үй кезегінде тұрғандар. Оның ішінде 2689 азамат әлеуметтік осал топтарға жатады. Бұл санат үшін несие мөлшерлемесі жылдық 7%, ал қалған қатысушылар үшін – 9%. Қарыз мерзімі 19 жылға дейін.
Әрленген пәтердің бастапқы жарнасы 10%
Банк сайтында қатысушылардың жалпы тізімі де жарияланған.
Өтінім бергеннен кейін келесі қадам – төлем қабілеттілігін бағалаудан өту. Осы кезең 6 сәуір мен 12 мамыр аралығында өтеді. Тұрғын үйді Baspana Market порталынан таңдап, брондауға болады. Сондай-ақ бір несие аясында жөндеу жұмыстарына да қаражат алуға мүмкіндік бар. Әрленген (таза әрлеу) пәтер таңдаған адам үшін бастапқы жарна 10% болады.
Бағдарлама алдағы 5 жыл бойы жалғасады.
Айта кететін жайт, Қазақстанда жалдамалы тұрғын үй бөлу уақытша тоқтатылды.