Жаңалықтар

Новороссийск портына жасалған шабуыл қазақ мұнайының экспортына әсер етпеген

Қазақ мұнайы кедергісіз тасымалданып жатыр Фото: shutterstock

Новороссийск портына жасалған дрон шабуылы қазақ мұнайы экспортына әсер етпеді. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.

Министрлік 5 сәуір күні Ресейдің Новороссийск портында болған оқыс оқиғаға байланысты жағдайды жіті бақылап отыр.

Ресми өкіл Әсел Серікпаеваның хабарлауынша, жағдай мұнай экспортына ешқандай кері әсерін тигізген жоқ.

Қазір магистральдық құбырлар арқылы шикізатты қабылдау мен жөнелту штаттық режимде жалғасып жатыр.

«Бүкіл экспорттық жоспарлар ала бекітілген кестеге сай орындалып жатыр және мұнай тасымалында ешқандай іркіліс жоқ», – делінген хабарламада.

Blumberg басылымының жазуынша, NASA жерсеріктерінен алынған суреттер Новороссийскідегі «Шесхарис» мұнай терминалында дрон шабуылынан кейін өрт шыққанын растады. Мәліметтерге қарағанда, «Транснефть» компаниясына тиісті нысан аумағында бірнеше жерден от тұтанған.

Аймақ губернаторы Вениамин Кондратьевтің айтуынша, шабуыл салдарынан қаланың сегіз үйіне зақым келген.

Ол сондай-ақ бірнеше өндірістік нысан аумағынан дрон сынықтары табылғанын жеткізді, бірақ нақты қай кәсіпорындар екенін ашып айтқан жоқ. «Транснефть» компаниясы бұл жағдайға қатысты әзірге ресми түсініктеме бермеді.

«Шесхарис» терминалы арқылы Ресей мұнайынан бөлек Қазақстан мұнайының бір бөлігі транзитпен өтеді.

Қаңтар айында украин күштері Каспий теңізіндегі мұнай нысандарын кезекті рет атқылаған. Содан кейін қазақ үкіметі танкерлерге жасалған шабуылды АҚШ, Еуропа елдерімен талқылады.

Ал ақпанда АҚШ әкімшілігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалына жасалған шабуылға байланысты Украина тарапына ресми наразылық білдірген.