
5 сәуір күні ОПЕК+ елдерінің кезекті кездесуінде мұнай өндірісін арттыру туралы маңызды шешім қабылданды. 2026 жылдың мамыр айынан бастап күшіне енетін бұл келісім Қазақстанға өндіріс көлемін рекордтық көрсеткіш – тәулігіне 1,5 миллион баррельге дейін жеткізуге жол ашуы мүмкін.
Квота неге өзгерді
Жаңа уағдаластыққа сәйкес, альянсқа мүше сегіз мемлекет мұнай өндірісін тәулігіне қосымша 206 мың баррельге арттырады.
Бұған дейін енгізілген 1,65 миллион баррельдік шектеулер нарықтағы жағдайға байланысты кезең-кезеңімен алынып тасталмақ. ОПЕК+ өкілдері нарық тұрақталған жағдайда шектеулерді толықтай жою мүмкіндігін де жоққа шығармайды.
Бұл шешім ОПЕК+ ұйымының Ормуз бұғазы ашылғаннан кейін нарыққа көбірек шикізат шығаруға дайын екенін аңғартады. Дегенмен, квотаның өсуі автоматты түрде өндіріс артуына кепілдік бермейді.
Инфрақұрылым кедергі болып тұр
Reuters агенттігінің хабарлауынша, альянстың кейбір мүшелері инфрақұрылымның зақымдануына байланысты өндірісті бірден ұлғайта алмауы мүмкін.
Бұл мәселе негізінен Парсы шығанағы елдеріне қатысты болса да, Қазақстан үшін де өзекті. Былтыр жыл соңында КҚК (Каспий құбыр консорциумы) терминалына жасалған дрон шабуылды еліміздің экспорттық әлеуетіне кері әсерін тигізген болатын.
Парсы шығанағындағы ресми тұлғалар соғыс тоқтап, бұғаз ашылған күннің өзінде нысандарды қалпына келтіру үшін бірнеше ай уақыт қажет екенін айтып отыр.
Қалыптасқан жағдай Қазақстан үшін өзіндік «мүмкіндіктер терезесін» ашып отыр. Басқа мемлекеттер инфрақұрылымдық ақауларды жөндеп, өндірісті қалпына келтіргенше, еліміз әлемдік мұнай нарығындағы позициясын нығайтып алуға мүмкіндік алады.
Дегенмен, Қазақстанның рекордтық 1,5 млн баррельдік межені бағындыруы тікелей логистикалық желілердің дайындығы мен нарықтағы тұрақтылыққа байланысты болмақ.
Ормұз бұғазындағы құрсау мұнай өндірісі пандемиядағы көрсеткіштен де төмен құлдыратқан.