
Әлемдік мұнай нарығындағы геосаяси дүрбелең мен тапшылық Қазақстан үшін табысқа айналды. Oilprice мәліметінше мұнай бағаларының айырмашылығы артқан. Қазіргі таңда әлем назары 100 доллардан асқан америкалық WTI (110.3$) мен еуропалық Brent (108.2$) маркаларына ауып тұрғанда, қазақстандық мұнай экспортының негізін құрайтын CPC Blend қоспасы рекордтық 122,6 доллардан сатылып жатыр.
Қазақстан мұнайы неге ең қымбат?
Нарықтың дәстүрлі заңдылықтары бұзылды. Әдетте еуропалық эталон саналатын Brent маркасына қарағанда сәл арзанырақ жүретін қазақстандық CPC Blend қазір одан 14.4 долларға қымбат. Әрбір баррельден түсіп жатқан осы қосымша үстеме ақы – отандық экспорттаушылар үшін бұрын-соңды болмаған тарихи табыс.
Сатып алушылардың, әсіресе, Еуропа мен Жерорта теңізі елдерінің қазақстандық шикізатқа таласып, осындай қымбат баға төлеуінің басты себептері:
- Еуропаның балама іздеуі: Санкциялар мен геосаяси шектеулерден кейін Еуропа мұнай өңдеу зауыттары үшін қазақстандық мұнай ең сенімді әрі сапалы құтқарушы шешімге айналды.
- Жоғары сапа: CPC Blend – өте жеңіл әрі сапалы мұнай түрі. Одан аса сұранысқа ие бензин мен авиаотынды өндіру әлдеқайда жеңіл әрі тиімді.
Таяу Шығыстағы және тұтастай аймақтағы соңғы әскери іс-қимылдар аясында әлемдік мұнай бағасы құбылмалылық танытуда. Әсіресе, Таяу Шығыстағы, атап айтқанда, Сауд Арабиясы, Ирак және аймақтағы өзге де ірі өндіруші елдердегі жеткізілімдердің іркілуіне байланысты Brent маркалы мұнай бағасы айтарлықтай қысымға ұшырады. Мұндай құбылмалылық WTI мен Brent маркалары арасындағы баға алшақтығын ұлғайтты, бұл геосаяси тәуекелдердің өскенін айғақтайды.