Қоғам

Қазақстан қайырымдылық жасау рейтингінде нешінші орында тұр

139 елдің ішінде Марокко соңғы орында тұр/фото: shutterstock

World Happiness Report зерттеуіне сәйкес, Қазақстан 2025 жылы қайырымдылық жасау рейтингінде 29-орында тұр. Бұл – 139 ел ішіндегі көрсеткіш. Сауалнамаға қатысқандардың 49,7%-ы ақшалай немесе басқа да жолмен қайырымдылық жасаған. Бұл туралы Finprom.kz материалында айтылған.

Қайырымдылық жасаудан көш бастап тұрған елдердің әл-ауқаты жоғары емес. Тізімнің басында Индонезия мен Мьянма тұр. Индонезияда қайырымдылық жасайтындар үлесі 86%, Мьянмада – 83,2%. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш төменірек. Мәселен Ұлыбританияда – 68,4%, АҚШ-та – 58,6%, Германияда –  54,8%. Бұл елдерде жан басына шаққандағы ЖІӨ Мьянмамен салыстырғанда 10 есе және одан да жоғары.

Көрші елдермен салыстырып қарасақ, Қазақстаннан сауалнамаға қатысқандардың 49,7%-ы қайырымдылық жасайтынын айтқан. Ал бұл көрсеткіш Өзбекстанда – 53,9%, Ресейде – 48,8%, Қырғызстан – 37,1% және Тәжікстанда 27,4%.

Рейтингте соңғы орында сауалнамаға қатысқандардың 3,8%-ы ғана қайырымдылық жасайтынын көрсеткен Марокко тұр.

Қазақстандағы қайырымдылық

Кейінгі 10 жылда Қазақстанда қайырымдылық жасаушылар үлесі айтарлықтай өскен. 2015 жылы бұл көрсеткіш небәрі 31,2% болса, одан кейігі жылдары 25%-36% аралығында өзгеріп отырды. Ал 2025 жылы күрт өсіп, бір жылда шамамен 14 пайызға артты.

Қазақстанда респонденттердің тек 54,9%-ы ғана бейтаныс адамға көмектесуге дайын екенін айтқан.

Сондай-ақ елде азаматтардың тек 14%-ы қоғам игілігі үшін тегін жұмыс істеуге дайын екенін көрсеткен. Ал Индонезияда бұл көрсеткіш 61,3% құрайды.

Бұған дейін Charities Aid Foundation ұйымы Қазақстанның қайырымдылыққа табысының көп бөлігін жұмсайтын елдер арасында 30-орында тұрғанын хабарлады.