Қазақстан жақтан келген: Қытайда аусыл ауруы тарап, мыңдаған ірі қара өлтірілді

Жарияланды 6 Сәуір 2026 10:36

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
аусыл ауруы
Аусыл ауруы ірі қарадан адамдарға да жұғады / фото: shutterstock

Қытайдың Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң өңірінде аса қауіпті аусыл ауруы тарап жатыр. Соған байланысты көрші елде 6 мыңнан астам ірі қараны өлтіре бастады. Жергілікті билік ауру Қытаймен шекаралас Қазақстан мен Ресей жақтан келді деп отыр.

Қауіпті індет

Қытай билігі Қазақстанмен арада шекара бақылауын күшейтті. Өйткені көрші елдің солтүстік-батысында аусыл ауруы тарап жатыр.

Жергілікті ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өңірі мен Ганьсу провинциясында екі табыннан 219 сиырдың аусыл ауруына шалдыққаны анықталған. Қос табында барлығы 6229 ірі қара бар. Енді Қытай билігі солардың бәрін қыра бастады.

Мамандардың айтуынша, Қытайда кеселдің SAT-1 түрі тарап жатыр. Жұқпалы кесел 2025 жылы Африкадан Таяу Шығыс, Батыс және Оңтүстік Азия елдеріне тараған.

Кесел Қазақстан жақтан келген

Ресми Бейжің қауіпті індет Қытаймен шекаралас Қазақстан, Ресей, Моңғолия және басқа да елдерден келді деп есептейді. Соған байланысты орталық билік шекаралас өңірлерге бақылауды күшейтуді тапсырған.

Бұл уақытта Ресейдің Қазақстанмен шекаралас Новосібір облысында аусыл ауруы тарап жатқаны мәлім. Дегенмен Кремль осындай індет барын әлі күнге дейін жоққа шығарады.

Аусыл ауруы туралы

Қытай мамандары аусылдың тарап жатқан түрі аса жұқпалы екенін, әсіресе бұзаулар ауруды көтере алмайтынын ескертті. Жергілікті билік кеселге қарсы вакцина әзірленіп жатыр. Ол бір айдың ішінде нарыққа шығады.

Сарапшылар елде ет бағасы төмендеп, одан соң ірі қара азаюына байланысты бірден көтерілуі мүмкін екенін айтты.

Аусыл ауруы сүт өнімдерінен, сонымен бірге кеселге шалдыққан ірі қарадан адамдарға да жұғады. Аусыл жұқтырған науқас басқа адамдарға қауіпсіз, өйткені вирус адамнан адамға тарамайды.

Сондай-ақ оқыңыз