
Қазақстанда кезекте тұрған азаматтарға жалдамалы тұрғын үйді бөлу 16 сәуірге дейін уақытша тоқтатылды.
«Отбасы банк» өкілдерінің мәліметінше, жүйе ашық әрі ыңғайлы болуы үшін қайта жетілдіріледі.
Бұрын қалай еді?
Krisha.kz ақпаратына қарағанда, бұған дейін пәтерлер отбасы құрамына қарай бөлінетін. Заң бойынша әр адамға кемінде 15–18 шаршы метрден келуге тиіс.
Сол себепті жүйе алдымен кезегі жеткен адамның отбасы санына сай келетін пәтер бар-жоғын тексеретін еді. Мысалы, бес адамнан тұратын отбасыға үлкен пәтер қажет.
Алайда лайықты нұсқа табылмаса, кезек «секіріп», пәтер отбасы мүшелері аздарға ұсынылатын. Ал, шын мәнінде, кезегі келгендер ұзақ уақыт баспанасыз қалып қояды.
Не өзгереді?
Енді «Отбасы банк» тәсілді өзгертпек. Тұрғын үй кезегі жеткен адамға пәтер көлеміне және отбасы санына қарамастан ұсынылады. Мысалы, кезекте тұрған адамға 75 шаршы метр тиесілі болса да, қолда тек 65 шаршы метрлік пәтер болса, сол нұсқа ұсынылады.
Одан әрі шешімді кезекте тұрған азаматтың өзі қабылдайды, келіседі немесе бас тартады. Пәтерден бас тартса ғана келесі адамға беріледі.
Қазіргі таңда банк 6000-нан астам жалдамалы пәтерді үлестіріп үлгерген. Тағы шамамен 4000 пәтер қоныстануға дайын.
Айта кететін жайт, елде ипотеканың пайыздық мөлшерлемесін есептейтін жаңа әдістеме әзірленіп жатыр.