Жаңалықтар

Қостанайлық блогер Миршат Сәрсенбаев 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды

Қостанайлық блогер Миршат Сәрсенбаев 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды / Фото: «Костанайские новости» басылымы

6 сәуірде Қостанайдағы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта блогер Миршат Сәрсенбаевқа қатысты үкім шықты. Сот оны бопсалау айыбы бойынша кінәлі деп танып, 7,5 жылға соттады.

48 жастағы Сәрсенбаев «Миршат Сәрсенбаевтың ыңғайсыз сұрақтары» атты блогында өңірдегі өзекті мәселелерді көтеріп келген.

Оқиға 2025 жылдың ақпан айында басталды. Блогер Қостанай облысындағы құс фабрикасынан далаға тірі балапандар мен кәсіпорын қалдықтарының заңсыз төгіліп жатқанын түсіріп, желіге жариялайды. Осыдан кейін фабрикаға ірі көлемде айыппұл салынды.

Көп ұзамай құс фабрикасының мүддесін қорғайтын адвокат Игорь Шишов блогердің үстінен «20 миллион теңге тұратын көлік бопсалады» деп арыз түсіреді.

«Костанайские новости» басылымының жазуынша, судья Аделия Хасенова үкімді түсіндіру барысында келесі жайттарды алға тартқан. Блогердің әрекетін сот «жасырын нысандағы бопсалау» деп бағалаған. Негізінен үкім адвокат Шишовтың сөздеріне негізделген. Себебі адвокат айыпталушы Сәрсенбаевтың тақтаға 15 млн теңге деп жазып көрсеткенін айтқан. Алайда тінту кезінде тақта табылмаған. Сот ісі басталғаннан кейін блогер фабрикаға оң пікірде видео түсіріп жариялауды ұсынған, алайда сот бұл әрекетті «мәселені шешуге тырысты» деп бағалаған.

Миршат Сәрсенбаев өз сөзінде ешкімді бопсаламағанын және ешкімге қауіп төндірмегенін айтты. Оның адвокаттары мен қоғамдық қорғаушы ретінде қатысқан балалары үкіммен келіспейді және апелляцияға беретіндерін жеткізді.

Үкім бойынша, Сәрсенбаев жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді.