Жаңалықтар

Ресейлік мұғалім теміржолда диверсия жасағаны үшін 15 жылға сотталды

Фото: Shutterstock
Фото: Shutterstock

Ресейдің Коми өңірінде теміржолдағы диверсия жасаған ер адамға үкім шықты. Бұл туралы аймақтық соттың баспасөз қызметі хабарлаған.

Lenta ақпаратына қарағанда, мұғалім Сергей Лебедев белгісіз тұлғалардың нұсқауымен көлік инфрақұрылымын бүлдіру және Ресейдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіру мақсатында әрекет еткен.

Ол 2025 жылдың 25-27 тамызы аралығында Сыктывкар қаласындағы теміржол депосы аумағында тепловоз кабинасының әйнегін сындырып, жанғыш сұйықтық құйып, өрт қойған.

Нәтижесінде локомотив кабинасы толық жанып кеткен. Қалпына келтіру жұмыстарынсыз пайдалануға жарамсыз болып қалған. Келтірілген шығын 25 миллион рубльден асқан.

Сот оны Ресей Қылмыстық кодексінің 281-бабы – «Диверсия» бойынша кінәлі деп танып, 15 жылға қатаң режимдегі колонияға қамау жазасын тағайындады. Сонымен қатар келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеттелді.

Мұның алдында Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бішкек ЖЭО-сына диверсия жасалуы мүмкін екенін хабарлаған еді.