2026 жылдың алғашқы тоқсанында ең көп қойылған есімдер анықталды

Kursiv Media мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтар балаларына қандай есімдерді жиі қойғаны белгілі болды. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, жаңа туған нәрестелер арасындағы есімдер тренді айтарлықтай қызықты өзгерістерді көрсетіп отыр.
Қыздар есімі: «Айлин» есімі екінші жыл қатарынан көш бастады
Қыздар арасындағы бәсекеде Айлин есімі алғашқы үш айдағы ең танымал – жыл басынан бері бұл есім 1140 кішкентай аруға бұйырған. Бұл көрсеткіш тізімдегі басқа есімдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары және оқшауланып тұр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Айлин есімі бірінші орынға шығып, 5 595 сәбиге қойылған.
Үздік үштікке нәзіктік пен сұлулықтың символы іспеттес Асылым (853) және Медина (842) есімдері жайғасқан. Ата-аналардың тарихи рух пен қайсарлыққа деген құрметі де байқалады – Томирис (722) есімі үздік төрттікті қорытындылап тұр. Одан кейінгі орындарда Айша, Мариям, Аяла сынды дәстүрлі есімдер орналасқан.
Ұлдар: екі телдегі бір есім
Ал ұлдар тізімінде көшбасшылықты Рамазан (649) есімі сенімді түрде ұстап тұр. Қасиетті айдың құрметіне қойылатын бұл есімнің жыл басындағы ең танымал есім. Одан кейінгі орындарды Алан (584) мен Айсұлтан (550) өзара бөліскен.
Бұл тізімдегі ең қызықты жайт – ондыққа пайғамбар есімінің екі түрлі транскрипциясы еніп отыр: Мұхаммед (520) және Мухаммад (433). Егер осы екі нұсқаның басын қосып бірге есептесек (жалпы саны 953), бұл есім ұлдар арасында сөзсіз абсолютті ең танымал есім болар еді.
Сондай-ақ, ұлдардың рейтингінен Хамза (453) және Омар (424) сияқты ислами мотивтегі есімдердің танымалдылығы артқанын байқауға болады. Ал Алихан (498) мен Алдияр (447) сынды классикалық, тарихи есімдер өз позициясын тұрақты сақтап қалған.