Әнші Гүлнар Сиқымбаеваның хабар-ошарсыз кеткен ұлы өлі табылды

Алматыда екі аптаға жуық іздестірілген Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, танымал әнші Гүлнар Сиқымбаеваның жалғыз ұлы Баирдың денесі табылды.
Оқиғаның мән-жайы
Баирдың жоғалғаны туралы ақпарат наурыз айының соңында тараған еді. Туыстарының айтуынша, ол 24 наурыз күні Алматы қаласындағы Коперник көшесінде орналасқан үйінен шығып кетіп, содан қайтып оралмаған. Содан бері еріктілер мен тәртіп сақшылары оны іздеумен айналысты.
Қайғылы хабарды журналист Жазира Бегалы әлеуметтік желідегі парақшасында растады:
«Танымал әнші Гүлнар Сиқымбаеваның ұлы табылды. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Сиқымбаеваның жалғыз ұлы. Жаны жәннатта болсын», – деп жазды журналист.
Өлім себебі
Қазіргі таңда марқұмның нақты неден қайтыс болғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Құзырлы органдар тиісті сараптамалар тағайындап, оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.
Гүлнар Сиқымбаева — қазақ эстрадасының ардагері, көпшіліктің сүйікті әншісі.