Қоғам

Алматыда NBC TV қаржы пирамидасына қатысты тергеу аяқталды

Іс бойынша тергеу аяқталды/фото: shutterstock

Алматыда «NBC TV» қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеу аяқталды. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, күдікті 2025 жылы интернеттегі сайт және WhatsApp мессенджері арқылы азаматтарды тартып, қаржы пирамидасын ұйымдастырған. Сот санкциясымен 528,5 млн теңгеге тыйым салынды.

Чаттарда («Дискуссионная группа NBC Charlotte», «NBCUniversal Media LLC» және басқа) 200-ден астам адам болған.

«Қатысушыларға қысқа бейнероликтерді (фильм трейлерлерін) қарағаны үшін табыс табатынын айтып, инвестиция салу ұсынылған. Жобаға қатысу үшін құны 11 000-нан 160 000 теңгеге дейінгі инвестициялық пакеттерді сатып алу талап етілген.

Күдікті тәулігіне 5-10%-ға дейін (айына 150%-дан астам) табыс уәде еткен, ал мұндай төлемдер тек жаңа салымшылардың қаражаты есебінен қамтамасыз етілген», – делінген ақпаратта.

Азаматтардың салымынан 10%-ға дейін сыйақы төленетін рефералдық жүйе, сондай-ақ екінші және үшінші деңгейдегі қатысушылар үшін қосымша бонустар қарастырылған. Заңды қызметтің көрінісін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырушылар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама таратқан, жалған құжаттарды жариялаған, жасанды табыс көрсеткіштерін көрсеткен.

Күдікті блогерлерді тартқан және тақырыпқа орай чаттарды жүргізген. Агенттік нақты қандай блогерлер қаржы пирамидасын жарнамалағанын хабарламады.

Қаражаттарды қабылдау жеке тұлғалардың шоттарына жүргізіліп, кейін Р2Р операциялары арқылы криптовалютаға айырбасталып, анонимді әмияндарға жіберілген.

Сот санкциясымен 1 057 599 USDT (Tether) көлеміндегі криптовалютаға тыйым салынды, бұл шамамен 528,5 млн теңгені құрайды.

Күдіктіге қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Бұған дейін Ақтөбе қаласында «Harmony Rider Technology» (HRT) қаржы пирамидасын құрып, халықты тақырға отырғызған топқа қатысты сот үкімі шықты