
Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі ZEEKR жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.
Қала полициясының хабарлауынша, бұған дейін күдікті медициналық мекемеде айдауыл күзетімен болған және соттың санкциясымен қамауға алынған.
«Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылған ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына этапталды.
Қазір ол қылмыстық іс аясында қамауда ұстауды жалғастыру үшін тергеу изоляторына жеткізілді», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында 21 наурызға қараған түні жол апаты болып, үш адам қайтыс болды. Апатқа кінәлі деген күдікті ауруханаға түсті. Осыдан кейін даңғылда түнде заңсыз көлік жарыстары ұйымдастырылған, оған құзырлы орган өкілдері де қатысқан болуы мүмкін деген қауесет тарады. Полиция департаменті ол деректі тексеруге уәде берді. Ал жантүршігерлік жол апатынан қайтыс болғандардың туыстары тергеу барысына күмәнмен қарайды.