Жаңалықтар

Асайын Байханов өңірге Google, Meta, Apple сияқты IT алыптарын тартқысы келеді

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов облысқа IT алыптар тартқысы келеді
Павлодарда деректерді өңдеу орталықтары алқабы пайда болады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Адэлина Мамедова

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірге Google, Amazon, Meta, Apple сияқты IT алыптарын тартып, деректерді өңдеу орталықтары алқабын салғысы келеді. Microsoft және Oracle компанияларын да осы орталыққа тарту мақсаты қойылды.

IT алыптарды тарту жобасы

Павлодар әкімдігінде өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Әкім Байханов төрағалық еткен жиналыста экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобалар қаралды.

Отырыста жаңа инвестициялық жобалар көрсетілді. Онда 507 млрд теңгенің 8 жобасы бар. Солардың бірі – мәліметтерді өңдеу алқабының құрылысы. Жиында көрсетілген инфографикада осы жоба аясында халықаралық IT компанияларды тарту қажеттігі көрсетілген. Олардың арасында Google, Amazon, Meta, Apple, Microsoft және Oracle сияқты алыптар бар.

«Бұл өңірді жаһандық цифрлық нарыққа интеграциялауға мүмкіндік береді», – дейді Байханов.

Инвестиция көлемі – 196 млрд теңге. Деректерді өңдеу орталықтарында 250 адам жұмыс істейді.

Тағы бірнеше зауыт салынады

Бұған қоса, Павлодар облысында алюминий зауытын, көмірді байыту және жартылай кокс өндіру нысандарын салу көзделген. Жобаларға тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады.

Энергетика саласында қуаты 350 МВт болатын Жылу электр станциясы және қуаты 100 МВт болатын ілеспе газдарда жұмыс істейтін станция салу жоспарланған.

Сонымен бірге өңір экономикасының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін асфальтбетон зауыты мен жанар-жағармай бекетін салу және іске қосу жоспарланған.