
Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатқан 2026 жылғы бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы үшін сәтті күн болды. Әсіресе, ағайынды Нұрбек пен Айбек Оралбайлар қарсыластарын шаң қаптырып, құрлық біріншілігінің финалдық сатысына жолдама алды.
Нұрбек Оралбай алаң иесін айқын басымдықпен жеңді
85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Нұрбек Оралбай жартылай финалда моңғолиялық Бариахан Доржбен кездесті. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауына қарамастан, Нұрбек алғашқы раундтың өзінде-ақ қарсыласын нокдаунға түсіріп, мысын басып тастады. Қалған екі раундта да шеберлігін танытқан отандасымыз 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Аса ауыр салмақта үстемдік көрсеткен Айбек Оралбай
Ағайындылардың екіншісі, Айбек Оралбай, 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өз мықтылығын дәлелдеді. Жартылай финалда түрікменстандық Довлет Исламовпен қолғап түйістірген Айбек үш раунд бойы шаршы алаңда басымдық көрсетіп, финалға шықты.
Айта кетейік, бұған дейін 75 келі салмақ дәрежесінде Сабыржан Аққалықов қарсыласын техникалық нокаутқа түсіріп, финалға жолдама алған еді.