Жаңалықтар

BIG Qadam: BI Group холдингі ұсынып отырған бағдарламаның шарты қандай

Фото: Серікжан Қобланбаев, бильд-редактор: Дастан Шанай

11 сәуірден BI Group холдингі баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға мүмкіндік беретін «BIG Qadam» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосады. Бұл жоба нарықтағы ипотекалық несиелеудің тапшылығы мен базалық мөлшерлеменің жоғары болуына байланысты баламалы қаржы құралы ретінде ұсынылып отыр.

Бағдарламаның басты артықшылығы – бастапқы кезеңде банктен қарыз рәсімдеу талап етілмейді және небәрі 10%-дық бастапқы жарна арқылы жылжымайтын мүлік құнын бекітуге мүмкіндік береді.

Бағдарлама аясында екі негізгі бағыт қарастырылған: 15% жылдық мөлшерлемемен 5 жылға дейінгі мерзім және 18% мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі өтеу.

Пәтерлердің бөлме санына байланысты ай сайынғы төлемдердің төменгі шегі белгіленген: бір бөлмелі пәтерлер үшін 100 000 теңге, екі бөлмелі пәтерлер үшін 200 000 теңге және үш бөлмелі пәтерлер үшін 300 000 теңгеден басталады.

Сонымен қатар, келісімшарт талаптарына сәйкес, негізгі қарызды жеделдетіп өтеу мақсатында жалпы соманың 20%-ына дейінгі көлемде міндетті жылдық төлемдер қарастырылған.

BI Group компаниясының СЕО акционері Айдын Рахымбаев. Ол Forbes нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтардың тізімінде бар. Байлығы 967 млн доллар.