Жаңалықтар

Енді пікір жазса да жауапқа тартылады: Бас прокуратура ескерту жасады

әлеуметтік желі, жасөспірім шектеу
фото: shutterstock

Әлеуметтік желіге пікір немесе жазба жариялағаны үшін де жауапқа тартылуы мүмкін. Бас прокуратура осындай ескерту жасады.

«Пікір немесе жазба жарияламас бұрын оның салдарын түсіну қажет. Жала жабу, қорлау немесе көрінеу жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Сөз бостандығы – шексіз еркіндік емес. Ол басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға сылтау бола алмайды. Кез келген таратылатын ақпарат болжамдар мен жорамалдарға емес, тексерілген фактілерге негізделуге тиіс. Бұл – ақпараттық этиканың негізгі қағидаты», – деп жазылған хабарламада.

Құзырлы орган өкілдері «жалған ақпарат қоғамда дүрбелең туғызуы, азаматтардың іскерлік және жеке беделінен ұқсан келтіруі, сондай-ақ мемлекеттік институттардың қызметін тұрақсыздандыруы мүмкін» деп бағалайды. Ал заманауи технология арқылы ақпаратты кім таратқанын тез табуға болады.

«Интернеттегі кез келген әрекет «цифрлық із» қалдырады. Заманауи технологиялар ақпараттың таралу көзін анықтауға мүмкіндік береді, тіпті пайдаланушы көзге түспеймін деп ойлаған жағдайда да. Тәжірибе көрсеткендей, заңға қайшы жарияланымдар анықталып, олардың авторлары заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады», – дейді прокуратурада

Соңғы жылдары құзырлы орган өкілдері, билік те сөз бостандығы мен жауапкершілік деген ұғымдарды қатар айтып жүр. Жақында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Конституциядағы жаңа нормалар туралы айтқанда сөз бостандығы басқа адамның ар-намысына тиюге, жеке өміріне қол сұғуға немесе ұлт пен этносты кемсітуге себеп болмауы керек деген.