Израильдің Ыстанбұлдағы консулдығы маңында атыс болып, екі адам қаза тапты (фото)

7 сәуірде Израильдің Ыстанбұлдағы консулдығы маңында атыс болды. Reuters мәліметінше, полициямен арадағы қарулы қақтығыстан кем дегенде шабуылдаушы екі адамның көзі жойылып, тағы біреуі ауыр жараланған.
Reuters түсірген суреттер мен видеолардан полицияның қару ұстаған қызметкерлері оқтан жасырынып тұрғанын, сонымен бірге 10 минут атыс жүргенін білуге болады. Тағы бір жаралы адамның денесі қанға боялған.

Агенттік видеосына шабуылдаушы болуы мүмкін бір адамның бірнеше минут бойы автоматпен, тапаншамен оқ атқаны да түсіп қалған. Оққа ұшқан екі адамның денесі көше маңындағы көгалда жатыр.

Түрік баспасөзі Израиль консулдығы орналасқан аудандағы атыстан полицияның екі қызметкері жараланғанын жазды. Консулдық ғимараты Ыстанбұлдың қаржы ауданында орналасқан.
Reuters мәліметінше, 2023 жылы Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс басталғалы бері Түркиядағы консулдықты полицияның қарулы қызметкерлері қорғап жүр. Агенттіктің жағдайды жақсы білетін бір дереккөзінің айтуынша, қазір Түркияда бір де бір израиль дипломаты жоқ.