Қоғам

Мораторий аяқталды: АИ-92 бағасы қымбаттай ма

бензин АИ-92
АИ-92 бағасы қымбаттай ма/Фото: Shutterstock

Сәуірден бастап АИ-92 бензині бағасының өсуіне қатысты мораторий күшін жойды. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов баға қымбаттауы мүмкін екенін айтты.

Журналистер вице-министрден «АИ-92 бензині бағасын көтеруге қатысты уақытша мораторий аяқталды. Қазір сұранысқа ие жанармай бағасы 238 теңгеге дейін өсті. Энергетика министрлігі бағаны бұрынғыдай реттемейтіні белгілі, дей тұрғанмен жанармай бағасы қалай өзгереді?» деп сұрады.

Вице-министрдің айтуынша, баға еркін нарыққа жіберілген кезде де күрт қымбаттау байқалмаған.

«Мамандар көрсеткіштерді бақылап отыр. Сондықтан жанар-жағармай бағасы күрт өспейді деп санаймын. Баға нарық деңгейде қалыптасады. Көрші елдерде жанармай бағасы әлдеқайда жоғары. Аздаған өсім болуы мүмкін, бірақ күрт қымбаттамайды», – деді Есімханов.

Бұған дейін энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров  АИ-92 бензині мен жазғы дизельдің бөлшек саудадағы бағасы біртіндеп көтерілетінін айтты.

Айта кетейік, Үкімет коммуналдық тарифтерге, жанармай, дизель отыны және тағы басқа тауарлар бағасын өсіруге мораторий енгізген. Күші аяқталғаннан кейін жанармай құю бекеттерінде АИ-92 мен дизель отынының бөлшек саудадағы бағасы күрт өсе қойған жоқ.