
«Қаражанбасмұнай» (ҚБМ) компаниясы Маңғыстау облысы әкімдігі ғимаратының алдына ереуілге шыққандарды жұмысқа қабылдай алмайды. Өйткені олар – мердігер компания қызметкерлері. Бұл туралы Kursiv.Media-ға берген ресми жауабында компанияның баспасөз хатшысы Абай Түзелбай мәлімдеді.
«Ақпаратты зерделеу барысында видеодағы қызметкерлер компанияның мердігер ұйымдарында жұмыс істейтіні белгілі болды. Олардың талаптары негізінде ҚБМ мердігер ұйымдардың қызметкерлерін өз штатына жұмысқа қабылдамайтынын ресми түрде мәлімдейді», – делінген жауапта.
Баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, мердігер ұйымдар автокөлікке қызмет көрсету, ғимарат тазалау, бұрғылау ерітінділерін дайындау, вахта нысандарына қызмет көрсету сияқты бірнеше бағыт бойынша келісімшарт негізінде жұмыс істейді.
«Олардың қызметкерлері тек өз жұмыс берушілері, яғни мердігер компаниялармен ғана еңбек қатынасында болады. Мердігер мекеме жұмысшылары аутстаффинг немесе компанияның негізгі штатындағы қызметкерлер қатарына жатпайды», – дейді компания өкілі.
ҚБМ мердігерлермен жасалған келісімшарт бойынша бүкіл міндеттемелерін толық әрі уақытылы орындап отыр. Баспасөз қызметінің мәліметінше, компания штатында жұмыс істейтін қызметкерлердің орташа жалақысы 600 мың теңгеге жуықтайды.
«Компаниядағы 100 пайыз қызметкердің 40 пайызы – біздің кен орнында жұмыс істеп зейнетке шыққан немесе қайтыс болған мұнайшылардың балалары. Соларға арнайы тізім жасалады, сол тізім бойынша жұмысқа кіреді. 40 пайызы – кен орны орналасқан Түпқараған ауданындағы жұмыссыздар тізімі бойынша кезекпен қызметке алынады. Қалған 20 пайызы оқу орнымен жасалған меморандум аясында компанияға кіреді. Ал әкімдік алдына жиналған адамдар осы тізімге кірмейді», – деді Түзелбай.
7 сәуірде бір топ жұмысшы президентке бейнеүндеу жазу мақсатында Маңғыстау облысы әкімдігінің алдына жиналған. Олар бірнеше жылдан бері ресми еңбек шарттарын жақсарта алмай келетініне шағымданған. Олардың айтуынша, компания аутсорсинг арқылы рәсімдеп, кейін штатқа қабылдауға уәде берген. Бірақ жұмысшылар бірнеше жылдан бері уәде орындалмай келетінін айтады.