33,6 млрд тонна: Қазақстандағы көмір қоры 300 жылға жетеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстанның көмір қоры қанша / Фото: shutterstock

Қазақстанның көмір қоры 33,6 млрд тоннаны құрайды. Ол қазіргі өндіріс қарқынымен 300 жылға жетеді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында сектордың қазіргі жағдайы мен 2026 жылға дейінгі даму жоспарын таныстырды. Министрдің айтуынша, Қазақстан көмір қоры бойынша әлемдік рейтингте 10-шы орында тұр.

Қазақстандағы ірі көмір кен орындары негізінен Орталық және Солтүстік-Шығыс аймақтарда шоғырланған. Министр өз баяндамасында негізгі бассейндерді атап өтті:

«Ірі көмір кен орындары Орталық Қазақстанның екі негізгі аймағында орналасқан. Олар – Қарағанды көмір бассейні мен Торғай көмір бассейніндегі Шұбаркөл және Жалын кен орындары. Солтүстік-шығыс аймақта Екібастұз көмір бассейні, Майкүбі көмір бассейні, Қаражыра кен орны бар».

Қазір салада 40 жер қойнауын пайдаланушы 41 келісімшарт аясында жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін тағы 10-ға жуық учаске бойынша көмір өндіру құқығын беру үшін аукцион өткізу жоспарланған.

Өндіріс көлемі қанша

2025 жылдың қорытындысы бойынша көмір өндіру көлемі 115,9 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 7%-ға жоғары. 2026 жылы бұл көрсеткішті 128,9 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

Өндірілген өнімнің 85,9 млн тоннасы ішкі нарыққа: электр энергетикасына, өнеркәсіпке және коммуналдық-тұрмыстық секторға бағытталған.

Ал экспорт көлемі 30 млн тоннаға жетті. Ерлан Ақкенженов көмір экспортының негізгі бағыттары ретінде Ресей, Польша, Өзбекстан, Түркия, Үндістан және Малайзия елдерін атап өтті.

553 млрд теңге инвестиция құйылады

Салаға тартылатын қаржы көлемі алдағы жылы айтарлықтай өспек. Егер 2025 жылы келісімшарттарға салынған инвестиция 305 млрд теңге болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 553,5 млрд теңгеге дейін артпақ.

Министр көмір өнеркәсібінің әлеуметтік маңызына да тоқталып өтті:

«Көмір өнеркәсібінде 32 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылғанын атап өткен жөн. Сектордың тұрақты дамуы барысында жұмыс орындарының саны өсе түспек».
Қазіргі уақытта министрлік көмір саласындағы геологиялық барлау жұмыстарын дамытуды басым бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр».

Үкімет 2030 жылға дейін көмір өндірісін дамытуға 8 трлн теңге жұмсауды көздеп отыр. Ол бастапқы құны ғана. Қомақты қаражат тендермен, үкіметпен арадағы келісімдермен игеріледі.

Сондай-ақ оқыңыз