Оңтүстік Корея мұнай тапшылығына байланысты Қазақстаннан көмек сұрамақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Оңтүстік Корея Қазақстаннан көмек сұрамақ / Фото: shutterstock

Таяу Шығыстағы соғыс пен Ормұз бұғазының жабылуы Оңтүстік Кореяның энергетикалық қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндірді. Осы дағдарыстан шығу үшін Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің басшысы Кан Хун-Сик Қазақстанға арнайы сапармен келмек. Reuters басылымының жазуынша, Сеул билігі мұнай жеткізудің балама жолдарын қарастырып, Астанамен келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр.

Дағдарыстың себебі не

Оңтүстік Корея шикі мұнайдың 61%-ын, ал нафтаның 54%-ын дәл осы Ормуз бұғазы арқылы тасымалдап келген. Қазір бұл су жолының бұғатталуы елдегі өндіріс пен күнделікті тұтынуға тікелей әсер етіп отыр.

Бұдан бөлек, 26 кореялық кеме бұғаз ішінде қалып қойған. Үкімет бұл кемелерді қауіпсіз алып шығу үшін халықаралық серіктестермен жұмыс істеуде.

Келіссөз бен балама бағыт

Кан Хун-Сик Қазақстаннан бөлек Оман мен Сауд Арабиясына да барады. Сапардың басты мақсаты – мұнай өндіруші компаниялар және үкімет мүшелерімен кездесіп, шикізат жеткізу жөніндегі ұзақ мерзімді келісімшарттарына қол қою.

Оңтүстік Корея үкіметі сәуір және мамыр айларына арнап Сауд Арабиясы мен АҚШ-ты қоса алғанда 17 елден 110 миллион баррель баламалы мұнай қорын тауып қойған.

Дегенмен, Қазақстанмен жүргізілетін келіссөздер елдің энергетикалық тұрақтылығын нығайту үшін стратегиялық маңызға ие.

Энергетикалық дағдарыс тек жанармаймен шектелмейді. Мұнаймен қатар, Оңтүстік Кореяның экономикасы үшін маңызды жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті гелий газының мәселесі де туындаған.

Қазіргі уақытта елде гелийдің төрт айлық қоры бар екені хабарланды. Сондай-ақ, ел билігі азаматтар мен кәсіпорындарды шикізат тапшылығы кезінде энергияны барынша үнемдеуге шақырып отыр.

Ормұз бұғазындағы құрсау мұнай өндірісі пандемиядағы көрсеткіштен де төмен құлдыратты.

Сондай-ақ оқыңыз