Борышкерлердің қатары қысқарды: Қазақстанда кепілсіз несие алу қиындап кетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Банктер кепілсіз несие беруді азайтқан / Фото: shutterstock

2025 жылы Қазақстанның бөлшек несие беру нарығында көпжылдық тренд күрт өзгерген. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) мәліметінше, жаңа қарыз алуға берілген өтінімдердің жалпы саны бірден 13,7%-ға төмендеген. Нарық «салқындауының» негізгі себебі – кепілсіз тұтынушылық несиеге деген қызығушылықтың 16,9%-ға дейін құлдырауы. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы 13,8%-дық өсімнен кейінгі алғаш рет айтарлықтай құлдыраған.

Ипотекаға деген сұраныс жоғары

Кепілсіз несие сегментіндегі енжарлыққа қарамастан, нарықтың өзге салаларында оң динамика сақталды. Мәселен, ипотека 9,2%-ға, автонесие 41,8%-ға, ал кепілді тұтынушылық қарыз 77,1%-ға өскен.

Бұл үрдіс халықтың сұранысы кепілмен қамтамасыз етілген, ірі сомадағы және ұзақ мерзімге берілетін өнімдерге қарай ойысқанын айқындайды. Дегенмен кепілсіз несие алушылардың саны 2025 жылы 57 мың адамға азайған, бұл клиент базасының кеңею мүмкіндігі таусылғанын және халықтың қаржы тәртібін сақтай бастағанын білдіреді.

Несие қымбаттап барады

Қаржы талаптарының қатаңдауы несие құнының өсуіне алып келді. Орташа сараланған мөлшерлемелер 18,2%-ға (+1,4 п.п.) жетті.

Әсіресе, автонесие мен тұтынушылық сегментте өсім байқалса, ипотека бойынша мөлшерлемелер жеңілдікті бағдарламалардың арқасында тұрақты қалды.

Сонымен қатар банктердің өтінімдерді мақұлдау көрсеткіші 29,2%-дан 26,2%-ға дейін төмендеді. Бұл базалық мөлшерлеменің жоғары болуы, реттеуші талаптарының күшеюі және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) төмендету шараларымен байланысты. Нәтижесінде банк талаптарына сай келетін қарыз алушылар шеңбері айтарлықтай тарылды.

Портфель сапасы қандай

Нарықтағы мерзімі өткен берешек үлесі 2,9%-дан 4,0%-ға дейін өсті. Бұл негізінен тұтынушылық сегменттегі қиындықтарға және халықтың нақты табысының төмендеуіне байланысты.

2026 жылдың басы (қаңтар-ақпан) нарықтың коррекциялық фазаға өткенін көрсетті: несие беру көлемі тағы 5,9%-ға азайған.

Сарапшылардың пікірінше, ақша-несие саясатының қатаңдығы мен бұрын қабылданған реттеуші шаралардың әсерінен бөлшек несиелеу нарығы алдағы уақытта да баяулай береді.

Бүгінде адамдар тұмыс сапасын жақсарту үшін емес, қымбатшылық кезінде қалыпты тұтыну деңгейін сақтап қалу үшін қарыз алуға мәжбүр. 

PwC дайындаған макроэкономикалық шолу қазақстандық экономиканың тасада қалған қауіптерін ашып көрсетті. Сауалнамаға қатысқан экономистер мен қаржыгерлер елде қауіпті «кредит көпіршігінің» қалыптасып жатқанына меңзейді.

Сондай-ақ оқыңыз