Жаңалықтар

Екі қаладағы жылу орталығын Ресейдің орнына қазақ-сингапур компаниясы салады

Үш қаладағы ЖЭО-ны қандай компания салады / Фото: shutterstock

Семей мен Өскемен қаласында бой көтеретін жылу-электр орталығын Ресей емес, қазақ-сингапур компаниялары салады. Бұл туралы брифинг барысында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты.

Көкшетау қаласындағы станцияны Қазақстан ешкімнің көмегінсіз, өз күшімен тұрғызбақ. Қазірдің өзінде болашақ нысанның орнына инфрақұрылым тартылып, жобалау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Құны 300 млрд теңгеге бағаланған бұл орталық 2029 жылдың басында іске қосылады.

Ал Семей мен Өскемендегі жаңа станция құрылысын қазақ-сингапур консорциумы қолға алды. «Самұрық-Энерго» холдингі жобаның негізгі операторы болып бекітілді. Тараптар биыл қаңтар айында келісімшарқа қол қойған. Қос жобаның әрқайсысына 400 млрд теңгеден қажет.

Сәуір айынан бастап мамандар құрылыс алаңдарын дайындап, қажетті зерттеу жұмыстарына кіріспек.

Жобаның кестесі бойынша, осы айда геологиялық және топографиялық ізденіс басталып, болашақ станциялардың инфрақұрылымы жасақталады. Ал мамыр айында консорциум зауыттарға негізгі технологиялық жабдықтарды дайындауға тапсырыс береді.

Бұл құрал-жабдықтардың алғашқы легі елге 2027 жылдың үшінші тоқсанында келе бастайды деп жоспарланған. Жаңа ЖЭО-лар заманауи «таза көмір» технологияларымен жабдықталып, аймақтарды тұрақты жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін болады.

Бұған дейін Қазақстанның ірі қалаларында салынатын бұл нысандарды Ресей компаниялары салып, Ресей қаржыландыратыны айтылған. Алайда көрші бұл жобаларға қарыз беруден бас тартқан.