«Оюдың да орны бар»: Димаштың шапаны неге сынға ұшырады

Жарияланды 7 Сәуір 2026 09:46

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: скрин

Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген опера аңызы Пласидо Домингоға қазақтың дәстүрлі шапанын сыйға тартқан еді. Алайда дизайнер Жанар Мұратова бұл шапанның тігілуі мен ондағы оюлардың орналасуына қатысты сыни пікір білдірді.

Дизайнердің негізгі уәждері

Жанар Мұратованың айтуынша, шапанды дайындаған өндірушілер мен дизайнерлер өрескел қателік жіберген.

Шапанның жағасына салынған оюлар негізінен текемет пен сырмаққа (жерге төселетін бұйымдарға) арналған. Қазақ этнографиясында әр оюдың өз орны бар. Жерге төселетін бұйымның өрнегін адамның мойнына, яғни жоғары деңгейге шығару дәстүрді сыйламау немесе білместік деп бағаланды.

Дизайнер бұл әрекетті «дөрекілік» деп атап, тапсырыс берушіге мұндай сапасыз әрі мағынасыз өнімді ұсыну кәсібилікке жатпайтынын жеткізді.

Жанар Мұратова блогында қазақ ою-өрнектерінің тамыры тереңде жатқанын алға тартады.

«Біз үйреншікті деп санайтын көптеген оюлар ежелгі шумерлер дәуірінен бастау алып, түркі мәдениеті арқылы бізге жеткен. Әрбір сызық пен иірімнің (қошқармүйіз, сыңар мүйіз, т.б.) өз философиялық жүгі бар. Оларды киімге, ыдысқа немесе төсенішке салғанда осы мағыналар ескерілуге тиіс», – дейді дизайнер.

Еске сала кетейік, бұған дейін Испанияда Димаш Құдайберген туралы деректі фильм көрсетілетіні туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз