Жаңалықтар

Қайрат Сатыбалды қайтарған Kaisar Plaza ғимараты 61,5 млрд теңгеге өтпеді

Қайрат Сатыбалды қайтарған Kaisar Plaza ғимараты
Алматы қаласының орталық ауданында орналасқан Kaisar Plaza ғимараты / фото: Facebook/kaisarplazaalmaty

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы Қайрат Сатыбалдының мемлекетке қайтарған Kaisar Plaza ғимараты 61,5 млрд теңгеге өтпей қалды.

Ғимаратқа қызығушылар көп, бірақ…

Алматы қаласының қақ төрінде орналасқан қымбат ғимаратты «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) аукционға қойды. Электронды Sauda порталына орналастырылған қымбат лотты шамамен 2 млн адам көргенімен, саудаға қатысуға ешкім өтініш бермеді. Соған байланысты аукцион өтпеді деп танылды.

kaisar plaza ғимараты аукционда өтпеді
фото: sauda.e-qazyna.kz сайтынан алынған скриншот

Аукционға қатысу үшін 9,2 млрд теңге кепілдік жарна төлеу керек болған. KUVA ғимаратты кемі 61,5 млрд теңгеге сатқысы келеді. Бір қызығы, ғимараттың нарықтағы құны – 47,3 млрд теңге. Оның бағасын екі бірдей бағалаушы компания 2025 жылғы желтоқсанда анықтаған. KUVA-ның ғимаратты неге қымбатқа ұсынып отырғаны белгісіз.

Қайтарылған актив

Kaisar Plaza Алматы қаласының Алмалы ауданында, Желтоқсан және Бөгенбай көшелерінің қиылысында орналасқан. Ауданы – шамамен 64 мың шаршы метр.  Ғимаратта сауда нүктелері, қаржы мекемелері, кеңселер, кафе мен мейрамханалар жұмыс істеп тұр.

Қайрат Сатыбалды бизнес орталықты 2024 жылғы жазда мемлекет меншігіне өткізген. Сол кезде үкімет экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі мемлекетке 1,6 млрд доллар қайтарғанын жариялаған.

Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуірде Қайрат Сатыбалды қайтарған «Байсат» базары төртінші рет аукционда саудаланады.