Қапшағайда шомылу маусымына дайындық басталды

Алматы облысында жазғы шомылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев тиісті сала басшыларына қауіпсіздік шараларын күшейтіп, демалыс орындарын талапқа сай ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Әкімнің айтуынша, ең басты міндет – адам шығынына жол бермеу. Әсіресе, рұқсат етілмеген жерлерде шомылу жағдайлары жиі қайғылы оқиғаларға әкелетінін атап өтті. Осыған байланысты мұндай қауіпті аумақтарды бақылауды күшейтіп, жер иелерімен жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, ресми түрде белгіленген жағажайларда қауіпсіздік белгілері мен ескерту тақтайшалары толық орнатылуы тиіс.
Қапшағай жағалауында да дайындық жұмыстары басталып кетті. Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, су айдындарының түбін тазалау, санитарлық жағдайды бақылау және инфрақұрылымды ретке келтіру кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында демалыс орындарына бейнебақылау камералары орнатылып жатыр. Қазіргі таңда жағажайлар мен демалыс аймақтарының шамамен 80 пайызы шомылу маусымына дайын.
Еске сала кетейік, бұған дейін министрлік еліміз бойынша балық аулауға тыйым салынған жерлерді жариялаған еді. Қапшағай су қоймасында 5 сәуір – 20 мамыр аралығында балық аулауға болмайды.