
«Қаражанбасмұнай» компаниясының бір топ жұмысшысы президентке бейнеүндеу жазу мақсатында Маңғыстау облысы әкімдігінің алдына жиналды. Олар еңбек шарттары әділетсіз деп есептейді. Бұл туралы жергілікті Lada басылымы хабарлайды.
Еңбек дауы
Басылым тілшісі дайындаған репортажда мұнайшылардың наразылық акциясына балаларын да ерте келгенін көруге болады. «Қаражанбасмұнай» мамандары бірнеше жылдан бері ресми еңбек шарттарын жақсарта алмай келетініне шағымданған.

Облыс әкімдігі ғимаратының алдына жиналған жиырма шақты адам штаттағы қызметкерлердің жұмысын атқаратынын, бірақ айлығы аз екенін мәлімдеді. Мұнайшылардың айтуынша, компания оларды аутсорсинг арқылы рәсімдеп, кейін штатқа қабылдауға уәде берген. Бірақ жұмысшылар бірнеше жылдан бері уәде орындалмағанын алға тартып отыр.
Мұнайшылар президент Қасым-Жомарт Тоқаев атына бейнеүндеу дайындады. Ұжым олардың штатқа қабылдану мәселесіне мемлекет басшысының өзі араласқанын қалайды.
Айлық – 120 мың теңге
Жұмысшы Шынтас Сарығұлдың айтуынша, компания 2021 жылы он адамды «псевдо-аутсорсинг» арқылы жұмысқа қабылдаған. Солардың бесуі ғана штатқа қабылданып, қалғаны толыққанды еңбек шартын ала алмай қалған.
Тағы бір мұнайшы Ербол Әбдіғалиев «Қаражанбас» үміткерлерден емтихан алып, әңгімелесу негізінде қабылдағанын айтты. Енді олар бес жылдан бері штатқа өте алмай жүр.
Үндеу авторлары жұмысшылардың кейбірінің айлығы 120 мың теңге, әлеуметтік көмек жоқ екенін айтып отыр.
Айлығы аз жұмысшылар құзырлы мекемелерге шағымданып, әділет таппаған. Мұнайшылар құқығы бұзылғанын сенімді. Сол себепті олар Ақордаға шағымдануды жөн деп шешкен.
Бірлескен компания туралы
«Қаражамбасмұнай» компаниясы акцияларының 50%-ы «Қазмұнайгазға», қалған 50%-ы CITIC China қытай компаниясына тиесілі. Бас директоры – Нұртаза Ибрашев. Ол осы қызметке 2026 жылғы наурызда тағайындалған.
Акционерлік қоғам Маңғыстау облысындағы Қаражанбас мұнай кен орнын игерумен айналысады.