Авто

Қазақстанда 500-ге жуық Hyundai Palisade қауіпсіздік тексерісінен өтпек

Қазақстанда бұл науқанға 500 Hyundai Palisade қатысады / Фото: Hyundai
Қазақстанда бұл науқанға 500 Hyundai Palisade қатысады / Фото: Hyundai

АҚШ-тың Огайо штатында қайғылы оқиға болды. Орындықты бүктеу жүйесіндегі ақаудан бала қаза тапқан.

Бұл қайғылы жағдай Қазақстан нарығына да әсер етті.

Astana Motors құрамындағы Hyundai ресми дистрибьюторы Hyundai Palisade кроссоверіне қатысты сервистік науқан басталғанын хабарлады.

Науқанның мақсаты – артқы орындықтардың электр жетегін басқаратын бағдарламаны жаңарту.

500 көлік тексеріледі

Қазақстанда шамамен 500 Hyundai Palisade көлігі осы науқанға ілігеді. Мәселе орындықтарды автоматты бүктеу алгоритміне байланысты. Бұған дейінгі зерттеулер жүйе кедергіні анықтамай, қозғалысты жалғастыруы мүмкін екенін көрсеткен. Бұл жолаушыларға, әсіресе балаларға қауіп төндіреді.

Иелеріне не істеу керек

VIN-кодты Қазақстандағы ресми дилерлік орталықтарда тексеру. Көлік тізімде болса, сервиске жазылу қажет. Артынша датчиктердің жұмысын және жетектің күшін түзейтін бағдарламаны жаңарту қажет.  

«Сұр» көліктерге де мүмкіндік бар

Науқанға ресми емес жолмен әкелінген көліктер де қатыса алады. Диагностика және бағдарламаны жаңарту жұмыстары тегін жүргізіледі.

Көлікті қалай тексеруге болады

7007 бірыңғай нөміріне хабарласып, жақын жердегі ресми Hyundai орталығына техпаспортпен бару керек.  

Бұл кері шақыру алдын алу шарасы ретінде жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат – АҚШ-тағы қайғылы жағдайдың қайталануына жол бермеу. Әсіресе баласы бар отбасыларға сервистік тексерісті кейінге қалдырмаған жөн.

Бұған дейін Hyundai компаниясы АҚШ пен Канадада осы ақауға байланысты 70 мыңнан астам Palisade көлігін кері шақырған болатын.

Айта кететін жайт, Димаш Құдайберген Шайдоровқа Hyundai Palisade көлігін сыйлаған еді.