Шерзат ісі: Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет өзін ақтауды сұрап отыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат ісінде сотталғандар кассациялық шағым түсірді/фото: архив

Шерзат Полаттың қазасынан кейін сотталғандар кассациялық сотқа жүгінді. Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің айтуынша, Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметов сот үкіміне шағым түсірген.

«Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметтен кассациялық шағым түскен. Екеуі де сот үкіміне келіспей, ақтауды сұрап отыр», – деген Шекеев.

Шерзат Полат ісі

Талғарда жасөспірім Шерзат Полат 2024 жылы қазанның 3-інен 4-іне қараған түні қайтыс болды. Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарағаннан кейін шу шықты. Ол жерде бір топ ер адам жасөспірімді ұрып-соққан.

Оқиға орнында оннан аса адам болған. Алайда қылмыстық іс тоғыз адамға қозғалды. Екі әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Сот процесі сәуірде басталып, Жоғарғы соттың YouTube каналында тікелей эфирде көрсетілді.

Сот үкімімен тоғыз адам 23 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Ішінде 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған мектеп оқушысы бірнеше айдан кейін бостандыққа шықты.

Сот үкімі

Абзал Шынасыл қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 23 жылға бас бостандығынан айырылды.

Равиль Сакиев қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Азамат Тоқтаубаев қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық) бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот оның 2024 жылдың қазанында 7,5 жылға сотталғанын есепке алып, жазаны ішінара қосу арқылы үкім шығарды.

Шыңғыс Белғожаев қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дархан Әскентай қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Нұрқияс Ілиясов қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 2024 жылғы 4 сәуірде 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілген. Үкімдердің жиынтығы бойынша бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген мерзімін ішінара қосу арқылы 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Нұрбол Тоқтаубаев қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дидар Қалиахмет қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Думан Ысқақ (2007 жылы туған) қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмысты жасыру) кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыз