
Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтыққа қатысты заңбұзушылықтар үшін 7 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді.
YK-news.kz ақпаратына қарағанда, көші-қон қызметі басқармасы қос азаматтық фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 250-ден астам адам Қазақстан азаматтығынан шығарылған. Көбіне бұл – басқа елдің азаматтығын алып, қолданыстағы заң талаптарын орындамаған азаматтар.
Жүргізілген шаралар аясында 17 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға салынған жалпы айыппұл 7 миллион теңгеден асқан.
Мәселен, тексеру барысында облыс орталығының 43 жастағы тұрғыны анықталған. Ол 2026 жылдың ақпан айында көрші елдің азаматтығын алып, белгіленген мерзімде уәкілетті органдарға бұл туралы хабарламаған.
Соның салдарынан оған қатысты заңда көзделген шаралар қабылданып, Қазақстан Республикасының азаматтығы бойынша құжаттары тәркіленіп, азаматтықтан айыру рәсімі жүргізілген.
Жалпы, былтыр күзде елімізде қос азаматтығы бар 693 адам анықталған еді. Олар Қазақстан азаматтығынан айырылады.