
Аты аңызға айналған тұңғыш кәсіпқой балуан, «күш атасы» Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 7 сәуір күні 155 жыл толды. Түркістан облысына «Балуан тас сапары» экспедициясы аясында бабамыздың өмірі мен өнерінің беймәлім тұстарына үңіліп, оның тікелей ұрпақтарымен тілдесудің сәті түсті.
Сапар барысында Ордабасыдағы Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейіне бардық. Бізді балуанның шөбересі, музей қызметкері Меруерт Ескермесқызы қарсы алып, жәдігерлердің сыры туралы айтты.

«Ұлы Отан соғысы басталғанда Қажымұқан атамыз әскери комиссариатқа өз еркімен барып, майданға жіберуді сұрайды. Ол: «Бойымдағы осы қара күшіммен бір немісті болса да жеңіп, Отан алдындағы берешегімді өтегім келеді, жеңісті жақындатуға үлес қосамын», – деп ниет білдіреді. Алайда, әскери тәртіп бойынша 70-тен асқан қарт адамды ұрыс даласына жіберуге рұқсат берілмейді. Бұл жауап балуанның сағын сындырмайды. Ол майданға басқа жолмен – өнер көрсетіп, қаражат жинау арқылы көмектесуді ұйғарады», – деп әңгімеледі.
Майданға ұшақ сатып алу үшін қаражат жинау мақсатында балуан қайтадан жаттығуға кіріседі. Ол кезде арнайы спорттық құралдар болмағандықтан, атамыз таудың тасынан өзіне лайықты дәрежеде 48-50 келілік кір тастарын қашап жасатып алады. Осы тастарды екі қолымен кезек лақтырып, бабын қалыпқа келтіреді.
Сол кезде көрсеткен өнерінің айғағы ретінде музей қорында ірі тастар тұр. Соның бірі – диірмен тас. Диірмен тас салмағы 550 келі. Меруерттің айтуынша, бұл тасты палуан 1946 жылы, жасы жетпіс беске таянған шағында Көктебе ауылында жұрт алдында көтеріп лақтырған екен.
Тіпті, соғыс жылдарында жетпістен асқан қарт палуан кеудесіне 200 келілік тасты қойғызып, оны үлкен балғамен ұрғызып сындыртқан. Сол сынған тастың сынықтары бүгінде музейдің ең құнды жәдігеріне айналған. Ол кезде қазақ даласында цирк ареналары дамымаса да, балуан арнайы гастрольдер ұйымдастырып, темір майыстырып, тас көтеріп өнер көрсеткен.
Аруақты тұлға мен мейірім мектебі

Балуанның тұлғалық қырын шөбере келіні Роза Тынышбекқызының естеліктерінен білдік. Ол кісінің айтуынша, Қажымұқан атамыз тек білек күшінің иесі емес, сонымен бірге көріпкелдігі бар, киелі тұлға болған. Көзін жұмып отырып-ақ алыстан келе жатқан жолаушыны, өз қанынан жаралған ұрпағын танитын қасиеті болғанын ел әлі күнге аңыз қылып айтады. Бірде: «Алыстан менің бір қаным іздеп келе жатыр», – депті. Артынша Ресейдегі бірінші жары Бәтимадан туған қызы іздеп келген екен.
Әсіресе, ашаршылық пен қиын-қыстау жылдардағы балуанның мәрттігі ерекше толқытты. Өзі таршылық көрсе де, бір мал сойылса, соны бес-алты үйге бөліп беріп, жетім-жесірлерді асырап, қарапайым халыққа қорған болған. Ел арасында «Қажымұқанның қасына барсақ, аш болмаймыз» деген сөз тектен-текке шықпаса керек.

«Бүгінде атамызға құран бағыштап, зиярат етіп келген адамдарға қолдан келгенше сол кісінің әңгімелерін айтып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеміз. Атамыздың туғанына 155 жыл болса да біз үшін рухы тірі. Қаншама кісілер келіп құран бағыштап, зияраттап тұрады. Біз тірі жәдігерлер келесі ұрпаққа жеткізіп отырамыз», – дейді балуанның шөбере келіні Роза Тынышбекқызы.
«Қоржын там» мен қарашаңырақ аманаты
Сапар кезінде Отырар ауданындағы Ақтөбе ауылына да бардық.

Мұнда балуанның 1934-1947 жылдар аралығында өз қолымен тұрғызған «Қоржын тамы» мен өз қолымен еккен кәрі қаратал ағашы сақталған.


Қажымұқан атамыздың артында өшпес ізбен бірге, өнегелі ұрпақ қалды. Төрт жарынан тараған жеті перзентінің әрқайсысы бір-бір төбе. Немересі Шаттықтың спорттағы жетістіктері мен Бақытжанның композиторлық қыры баба қанының тектілігін паш етіп тұрғандай. Темірлан ауылындағы қарашаңыраққа барғанымызда, балуанның шөбересі Қуанышбек Ескермесовтің отбасы атадан қалған ожауды, арбаның бел темірін, сырнайы мен шабаданын көрсетті. Бұл заттардың әрқайсысынан тарихтың иісі аңқиды.