
Үндістан Маңғыстау облысына инвестиция салуға ниетті. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен кездескен.
Кездесу барысында тараптар көлік-логистика, өнеркәсіп, туризм, цифрлық технологиялар және мәдени-гуманитарлық байланыстар салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылаған.
Асхат Оралов өңірдің әлеуетін таныстырып, оның елдегі маңызды көлік-логистикалық және инвестициялық тораптардың бірі ретіндегі стратегиялық маңызын атап өтті.
«Маңғыстау облысы бүгінде Каспий маңындағы стратегиялық даму нүктесі ретінде қалыптасып, Қазақстандағы негізгі логистикалық және инвестициялық хабтардың біріне айналуда. Біз Үндістанмен жүйелі әрі ұзақ мерзімді әріптестікке ашықпыз және өнеркәсіп, логистика, туризм, жоғары технологиялық салалар және басқа да бағыттарда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», – деді Асхат Оралов.
Кездесуде туризм саласын дамытуға да ерекше мән берілді. Өңірдің бірегей табиғаты, киелі нысандары және Каспий теңізіне шығу мүмкіндігі оның халықаралық туризм орталығы ретіндегі әлеуетін арттыра түседі.
Үндістан Елшісі Сайлас Тангал Маңғыстау облысының экономикалық және инвестициялық әлеуетіне жоғары баға беріп, үнді тарапының әріптестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатынын жеткізді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Үндістан арасындағы сыртқы сауда айналымының көлемі 4,7 млн доллар болды. Қазіргі уақытта өңірде үнді капиталының қатысуымен 19 кәсіпорын жұмыс істейді.
Айта кететін жайт, Үндістан, Қытай және Бразилия сияқты дамушы елдерде мемлекеттік бюджеттен инвестициялардың үлесі айтарлықтай жоғары болып отыр.